Медиация – тараптар арасындағы дауды (жанжалды) медиатордың (медиаторлардың) көмегімен, олардың өзара қолайлы шешімге келуі мақсатында, тараптардың ерікті келісімі бойынша жүзеге асырылатын реттеу рәсімі.
Қазақстанда «Медиация туралы» Заң 2011 жылғы 5 тамызда күшіне енді. Осы Заң ҚР-да медиацияны ұйымдастыру саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді, оның қағидаттары мен өткізу рәсімін, сондай-ақ медиатордың мәртебесін айқындайды.
Медиацияның негізгі қағидалары:
- Еріктілік — тараптардың медиация туралы шартта білдірілген өзара ерікті ниеті.
- Құпиялылық — медиацияға қатысушылар медиация барысында белгілі болған мәліметтерді, егер оны ұсынған медиация тарапының жазбаша рұқсаты болмаса, жариялауға құқылы емес.
- Тараптардың тең құқықтылығы — медиация тараптары медиаторды, медиация рәсімін, ондағы өз позициясын, оны қорғаудың тәсілдері мен құралдарын таңдауда тең құқықтарды пайдаланады.
- Медиатордың бейтараптылығы және әділдігі — медиация жүргізу кезінде медиатор тараптардан, әкімшілік органдардан, басқа да заңды, лауазымды және жеке тұлғалардан тәуелсіз болады. Медиатор әділ болуы, екі тараптың мүддесінде медиация жүргізуі және медиация рәсіміне тараптардың тең қатысуын қамтамасыз етуі тиіс.
- Медиация рәсіміне араласуға жол бермеу — медиация жүргізу кезінде медиатордың қызметіне жеке және (немесе) заңды тұлғалардың, әкімшілік және мемлекеттік органдардың, лауазымды тұлғалардың араласуына жол берілмейді.
Медиацияның басты мақсаты – екі тарапқа да тиімді әрі бейбіт келісімге қол жеткізу, екі жақты қанағаттандыру және қақтығыстың деңгейін төмендету. Сот процесінен айырмашылығы, медиацияда «кінәлі» немесе «кінәсіз» тараптар болмайды. Басқаша айтқанда, медиация мәселені мүмкіндігінше сотқа жеткізбей шешуге ұмтылады.
Оның тағы бір артықшылығы – сот қарауымен салыстырғанда шығындардың айтарлықтай төмен болуы және уақыт үнемделуі.
Сотта мәселені шешу ұзаққа созылуы мүмкін, ол бірнеше айға дейін созылуы ықтимал. Көптеген сот отырыстары тағайындалады, және кейде тараптардың бірінің өкілдері сол отырыстарға келмеуі мүмкін, бұл жағдайды одан әрі қиындатады.
Міне, осы жерде медиацияның келесі ерекшеліктері алдыңғы қатарға шығады – тараптардың еріктілігі және рәсімнің бейресми әрі жедел болуы. Дауды шешуге медиаторға бар болғаны 30 күн беріледі. Белгілі себептер бойынша бұл мерзім ұзартылуы мүмкін, бірақ 60 күннен аспауы тиіс.
Сотта тараптар бір-біріне қарсы әрекет етеді, ал медиацияда – ынтымақтасады.
Судья тағайындалады, ал медиаторды таңдайды.
Судья заңға сәйкес шешім қабылдайды, ал медиатор – тараптардың мүдделерін ескере отырып, бірақ заң шеңберінде.
Сот – жария процесс, ал медиация құпиялылықты қамтамасыз етеді, бұл медиаторға оны ұсынған тараптың келісімінсіз процесс барысында белгілі болған ақпаратты жария етуге жол бермейді. Демек, медиаторды куә ретінде жауапқа тартуға рұқсат етілмейді.
Тараптар медиаторға жүгіну-жүгінбеу туралы келісіп шешеді. Мұндай жолмен мәселені шешу мүмкін болмаған жағдайда, олардың сотқа жүгіну құқығы сақталады. Медиация кезінде тараптар міндетті түрде тең құқықтарды күтеді, сондай-ақ оларға тең міндеттер жүктеледі.